Құқық және мемлекеттік басқару мектебінде Адам құқықтары саласында білім беру мен тұрақты даму мәселелері бойынша пікірталас өтті

Нархоз университетінде «Адам құқықтары саласындағы білім: болашаққа үлес» тақырыбында панельдік дискуссия өтті. Іс-шараның қатысушылары Қазақстанда тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудың критерийлерінің бірі ретінде адам құқықтары саласындағы білім мәселелерін талқылады.

Ұйымдастырушы — Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің Еуразиялық экономикалық-құқықтық зерттеу орталығы болды. Дискуссияны ашқан Нархоз университетінің ректоры, профессор Эндрю Вахтель адам құқықтары мәселелерін тек құқықтану мамандықтарына ғана емес, сонымен қатар басқада көптеген білім беру бағдарламаларына енгізу қажеттілігіне назар аударды.

Іс-шараға қатысушылар арасында білім беру жүйесінің, мұғалімдерді даярлау ұйымдарының, БҰҰ жүйесінің, оқу орындары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар Алматы жоғары оқу орындарының студенттері болды. Спикерлер ретінде ЮНЕСКО-ның білім беру бойынша ұлттық маманы Мейіргүл Алпысбаева, Нархоз университетінің “Тұрақты Қазақстан” ғылыми-зерттеу институтының директоры Брендан Дюпрей, Еуразиялық экономикалық-құқықтық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Елена Бондаренко, Street Law жобасының үйлестірушісі және БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша сертификатталған тренері Халида Ажигулова сөз сөйледі.

Спикерлер аймақтық және ұлттық деңгейлерде жүзеге асырылған стандарттар мен озық тәжірибелердің, соның ішінде ЮНЕСКО-ның адамның білім алуға құқықтарына қатысты шараларын (#righttoeducation), Батыс Балқандағы тұрақты дамуға арналған білім беру бағдарламасы және «Street Law Kazakhstan» жобаларын ұсынды. Еуразиялық орталық Қазақстандағы мектептерде адам құқықтары саласында білім берудің құралдары мен дағдыларын енгізу бойынша жобасының жоспарын ұсынды. Жобада мұғалімдерге оқу процесіне жаңа тәсілдерді енгізу бойынша тренингтер, сонымен қатар тұрақты даму саласындағы алғашқы онлайн-білім беру платформасын құру кіреді. Жобаның алғашқы модулі адам құқықтары және азаматтық мәселелері бойынша курс болады.

Сондай-ақ, баяндамашылар мен қатысушылар адам құқықтары саласындағы білім беру Қазақстандағы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің ажырамас бөлігі және шарты болып табылады деген тұжырымға келді. Ол үшін мұғалімдердің топтық жұмыс дағдыларын, мәдениетаралық коммуникацияны, диалогты және қатынастарды қалыптастыру үшін заманауи тәсілдер мен құралдарды қолдану маңызды, — деп танылды.

Ұйымдастырушылар қатысушыларды диалогты жалғастыруға, адам құқықтары саласындағы білімді дамытуда және Қазақстанның тұрақты дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Іс-шара материалдарын алу және ұйымдастырушылармен байланысу үшін eurasiancenter@narxoz.kz хабарласуға болады.

Опубликовано
В рубрике Новости