Көктемгі сессияға қатысты ректор үндеуі

Құрметті студенттер!

Мен Сіздерге 1-ші, 2-ші және 3-ші курс студенттеріне арналған көктемгі сессияға қатысты үндеу жасағым келеді. Сіздер өздеріңіз жақсы білетіндей, бүгінгі таңда тек студенттер ғана емес, университет үшін де күрделі жағдай қалыптасты. Алайда біздің басты міндетіміз бұрынғыдай қалады, яғни ол – студенттерге Қазақстан Республикасында төтенше жағдай (ТЖ) жарияланғанға дейінгі жоғары деңгейде (немесе оған барынша жақын дәрежеде) білім беруді жалғастыру.

Өздеріңіз білетіндей, 16-наурыздан бастап біз онлайн-технологияларды қолдану арқылы оқытуға түгелдей көштік. Біз жағдайды қадағап отырмыз және осы кезең бойы біздің студенттердің 90%-ы күн сайын онлайн-сабақтарға қатысып жүргеніне көз жеткіздік. Осыдан шығара келе, біз студенттеріміздің басым көпшілігі Интернетке қол жеткізе алады деген қорытындыға келдік.

Өкінішке қарай, білім беру үдерісі тек қызықты дәрістерден ғана емес, сонымен қатар жетістіктерді бағалаудан да тұрады. Менің тәжірибеме сәйкес, бағалау процесін бүкіл әлемде ешкім де және еш жерде, яғни АҚШ-та да, Қазақстанда да, студенттер мен оқытушылар да ұнатпайды. Алайда оған дау жоқ. Егер біз өз күш-жігерімізді объективті түрде бағаламасақ, онда студенттің білімі мен біліктілігін ешқашан бағалай білмейміз және сәйкесінше, өз түлектерімізді неге мақтан тұтатынымызды әлемге түсіндіре алмаймыз.

Әрине, білімді бағалаудың әр түрлі нұсқалары бар. Бүгінгі таңда кейбір студенттердің көргісі келетіні — бұл курс соңында емтихансыз-ақ жиынтық бағаға ие болу. АҚШ-та біз мұндай тәжірибені жиі қолданғанмыз, бірақ әрдайым және барлық жерде емес. Сонымен қатар мұндай тәсілде бір үлкен «бірақ», яки кемшілік бар: бағаны осылайша қою үшін оқытушы курсты құру барысында, бастапқыда-ақ жиынтық бағалауды ескеруі тиіс еді. Қорытынды бағаны әділ және тиімді қою үшін ол студенттерге арналған басқа да міндеттерді, өзге тест түрлерін, дәрістердің басқа құрылымын әзірлеп, мүлдем басқа мәліметтерді жинауы тиіс болатын.

Семестрдің ортасында бағалау жүйесін өзгерту объективті емес нәтижелерге алып келуі мүмкін. Егер біз осылай істесек, көптеген студенттер ағымдық, әрі әділетсіз бағалар алары сөзсіз, олардың емтиханда пәнді «өте жақсы» деп білетіндерін дәлелдеуге мүмкіндігі болмайды. Ал біздің міндетіміз — Сіздерге таңдалған пәндер бойынша өз білімдеріңізді көрсетуге мүмкіндік беру, бағаларды қалай болса солай тарата салуға жол бермеу. Оның үстіне, емтиханға тыңғылықты дайындық студентке семестр бойы алған білімдерін бекітуге көмектеседі, ал біз өз студенттеріміз тек баға алып қана қоймай, өздері тыңдаған пәндерді терең меңгеруге тырысатына сенімдіміз.

Сондықтан біз көктемгі сессияны жоспарлаған мерзімде өткізу туралы шешім қабылдадық. Сонымен бір мезгілде біз техникалық себептер бойынша мамыр айында емтихан жаза алмайтын студенттердің белгілі бір саны бар екенін түсінеміз. Мұны айқын түсінгендіктен, біз «I» (Incomplete) жаңа бағасын енгізуді шештік.

Мамыр айында қандай да бір пән бойынша өз емтиханын тапсыра алмайтын кез келген студент осындай белгіге ие болады. Ол Сіздің қорытынды бағаңызға әсерін тигізбейді және аттестатқа енгізілмейді, оның мағынасы мынада: «I» таңдау арқылы Сіздің емтиханды тамыз айында тапсыруыңызға мүмкіндік туады. Сол кезде оқытушы Сіздің біліміңізді пән бойынша бағалайды және Incomplete-ні соңғы бағамен алмастырады.

Сонымен, студент техникалық себептер бойынша емтихан тапсыра алмайтынын қалай дәлелдей алады? Өте қарапайым түрде. Біздің нақты техникалық мәселелерге қатысты Сізді тексеру мүмкіндігіміз бен ниетіміз жоқ болғандықтан, біз Сізге сенеміз. Егер емтихан тапсыратын күні емтиханға қосылмаған болсаңыз, онда Сіз автоматты түрде Incomplete белгісін алып, тамыз айында емтихан жазатын боласыз.

Сондай жағдайда басқа бір келесідей сұрақ туындайды: «Бұл студенттер мамыр айындағы емтиханнан жаппай бас тартып, тамыз айында тапсыра алады деген сөз емес пе?» Иә, Сіз осылай жасай аласыз, бірақ тамыз айында ешқандай артықшылық берілмейді және жалпы Сіз емтиханды созудың еш қажеті жоқ екенін анық түсінуіңіз қажет. Емтихан материалдары басқалай болады, алайда қиын емес, тек басқаша түрде. Сонымен қатар Сіздің мамыр-тамыз айлары аралығындағы кезеңде емтихандарға әлсін-әлсін дайындалуыңыз керек, әрі өтілген материалдардың бір бөлігін ұмытып қалуыңыз да әбден мүмкін ғой.

Сол себепті біз өз студенттеріміздің адал ниеті мен ұтымды көзқарасына иек артамыз. Егер Сіздің мамыр айында емтихан жазу мүмкіндігіңіз болса, онда біз дәл осылай жасауға кеңес береміз. Бірақ егер Сіз олай істей алмасаңыз және тапсыруды тамыз айына қалдырсаңыз, онда ешқандай жаза берілмейді немесе айыппұл салынбайды

Сессияға арналған қандай да бір қосымша ережелер болады ма? Иә, олар бірнешеу. Ең бастысы, егер Сіз емтихан тапсыруды бастасаңыз, онда оны аяқтауыңыз керек. Бұл дегеніміз не? Егер Сіз емтихан сұрақтарын алған болсаңыз және кенеттен техникалық мәселелер туындаса, онда сіз оффлайн жауап бере аласыз, алайда Сіз емтихан мерзімінің соңына дейін оқытушыға е-мейл жіберуге міндеттісіз. Онлайн емтихан өткізу туралы неғұрлым егжей-тегжейлі техникалық ақпаратты оқытушылардан әр курс бойынша алу мүмкіндігіңіз бар.

Иә, біз Қазақстанның кейбір университеттері емтихан қабылдауды тоқтату туралы шешім алғанын білеміз, түсінеміз. Бұл – олардың құқығы, бірақ біз бұл үлкен қателік деп санаймыз және нәтижесінде шын ниетімен оқитын, өз ісіне нағыз берілген біздің студенттер оқуда ғана емес, мансап жолында да үздік нәтижелерге қол жеткізетіне сенімдіміз. Және бұл — біздің өз құқығымыз.

«Студенттердің пікірін тыңдау керек» деген ойға бір сөз қоса кетейін. Біз басым көпшіліктің осы фразаның мәнін мүлдем дұрыс түсінбейтінін көріп жүрміз. Пікірді тыңдау және онымен келісу — бұл екі мүлдем басқа нәрсе. Кейбір студенттер көпшілік алдында немесе жекеше түрде әр түрлі пікір айтады, біз оларды естиміз. Бірақ біз барлық пікірлермен келісе бермейміз. Мысал келтіре кетейін: бала күні бойы шоколад жегісі келеді, бірақ ата-анасы оған мұндай мүмкіндік бермейді емес пе? Кейбір студенттер мүмкіндігінше аз оқығысы, алайда сонымен бір мезгілде оңай жол арқылы жоғары баға алғысы келетіні шындық. Нархоз университеті мұндай ұстанымға қарсы және онымен ешқашан келіспейді. Саналы студенттердің көп бөлігі де келіспейтініне сенімдімін.  Біздің міндетіміз — Сізді мүмкіндігінше жақсы және ынталы оқуға, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүруден аулақ болуға үйрету. Мүмкін, бұл ең танымал тәсіл емес шығар, бірақ қазір ол — ең дұрыс жалғыз әдіс.

Эндрю Вахтель

Ректор

Опубликовано
В рубрике Новости